ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНДЕРІ
шырайлы Шымқала мен шағалалы Шардарада өтті.

Сонау 1988-89 жылдары алғашқы шығармашылық еңбек жолымды Шардара аудандық “ Өскен өңір” газетінде бастаған болатынмын. Редакция қабырғасында жүріп, журналистиканың қара қазанында қайнадым. Жаңа ортада жақсы достар таптым. Редакция аясындағы Мұқағали Мақатаев атындағы “ Ақ шағала” әдеби бірлестігінің мүшесі ретінде аудандық мәдениет бөлімінен Лесбек Аманов, Бақтияр Спан, оқу бөлімінен Нұрғали Ибрайым, Шардара ауылынан Әкім Мұсақұлов, Қызылқұм ауылынан Қазыбек Иса, Қазақстан ауылынан Меруерт Өмірзақова, баспаханадан Нұрмахан Қары, редакциядан Оңалбай Еспанов, Оңласын Төлегенов, Құдайберген Өтешов, Әмірхан Балқыбек сынды жастардың басы жиі қосылып тұратын. Апта сайын ауыл клубтары мен білім ошақтарында әдеби кездесулер өткізіп, өнерімізді ортаға салып отыратынбыз. Сол жалынды жастардың алды елге танымал тұлғаларға айналды. Мәселен, марқұм Лесбек Аманов бір ғана “ Қара бауыр қасқалдақ” әнімен дүйім жұртқа белгілі атақты сазгер атанса, Қазыбек Иса — С. Есенин атындағы Халықаралық әдеби сыйлық — “ Алтын күз” ордені мен Халықаралық Алаш әдеби сыйлықтарының иегері, танымал қоғам қайраткері, Меруерт Өмірзақова республикаға танымал қаламгер, бүгінде “ Қазақстан теміржолшысы” салалық газетінің редакторы, ал, Бақтияр Спан ҚР Мәдениет қайраткері, Шымкент қалалық салт-дәстүр орталығының директоры, Нұрғали Ибрайым ҚР Білім беру ісінің үздігі, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы зейнеткер болса да зерделі ойды кестелеген Шардараның бас шайыры. Арада бақандай 35 жыл өтсе де шардаралықтардан күні бүгінге дейін әдеби, достық байланысымды үзген емеспін. Бүгінде “ Өскен өңір” газетін Сәбит Лаханов ініміз басқарады. Жақында ердің жасы — елуге толды. Мерей жасын “ Арман жолында” деген кітабының тұсау кесерімен үйлестіріп, шығармашылық кешін дүрілдетіп өткізіп алды. Сол кезде еліміздің Батыс аймағында жол сапарда жүргендіктен әріптес ініміздің қуанышының ортасында бола алмадым. “ Сабақты ине сәтімен” дегендей, жаңа жылдың алғашқы күндерін шардаралық достарыммен
өткізуге тура келді. Салт-дәстүр орталығының директоры Бақтияр Спан, облыстық “ Оңтүстік Қазақстан” газетінің қызметкері, “ Өскен өңір” газетінің түлегі Аман Жайымбетов — үшеуміз ақылдаса келе ақын, сазгер, қыл қалам шебері, кезінде Шардараның айтулы асабасына айналған Әкім Мұсақұловтың хал-жайын білуден бастауды жөн санадық. Әкім бауырымыз бүгінде Шымкент қаласында тұрады. Денсаулығы сыр беріп, ем алып жүрген жайы бар екен.
— Көрінбей кеттіңіз ғой көптен бері,
Канеки, еске алайық өткендерді,— дегендей, Әкім достың шаңырағында сонау сексенінші, тоқсаныншы жылдардағы жалынды жастық шағымызды еске алып, бір жасап қалдық.
Отырыс барысында сөзге шешен Бақтиярдан сөз артылған ба?
— Бірде,— дейді Бақтияр сөздің майын тамызып. — Әкім досымыз аудан орталығынан өзі қызмет етіп кеткен Шардара ауылындағы мектепке келеді. Сол күні мектеп директоры жұмыста болмай, келген шаруасы бітпей қалған досымыз ертесіне келетінін мектептегі бір қызметкерге ескертіп кетеді. Жұмыс аяғында мектеп директоры қызмет орнына келеді. Әкімнің аманатын алып қалған мұғалім мектеп директорына аудан орталығынан қазір ғана Әкімнің келіп кеткенін, ертең қайта келетінін жеткізеді. Тосын хабарды есітіп, жан-дәрмені қалмаған мектеп басшысы дереу қол астындағы барлық қызметкердің басын қосып, ертең келетін “ аудан әкімін” күтіп алудың қамына кіріседі. Түннің бір уағына дейін мектептің іші-сырты қалыпқа келтіріліп, дайындық жұмысы жоғары деңгейде атқарылады. Таңертең “ аудан әкімін” тағатсыздана күтіп тұрған директордың жанына Әкім досымыз келеді. Кеше келіп, өзіне жолыға алмай кеткен соң бүгін қайта келетінін ескертіп кеткенін айтқанда, күткен адамы аудан әкімі емес, өзінің бұрынғы қызметкері Әкім Мұсақұлов екенін түсінген директор сол сәтте-ақ шоқ болып, басын қос қолдап ұстаудан басқа амалы қалмайды.
Осындай қызықты сәттердің бірінен соң бірін еске алып, Әкім досымыздың көңілін аулап, сол күні көтеріңкі көңіл-күймен үйлерімізге тарастық. Ертесіне осы тобымызбен шағалалы Шардараны бетке алып, жолға шықтық. Жолда тоғыз жолдың торабы — Арыс қаласына аялдадық. Алдын ала уағдаласқандай, ол жерден Тұйғынбек досымызды қатарымызға қосып алдық. Тұйғынбек Әлжігіттегі — бес уақыт намазын қаза қылмай, имандылық жолын ұстап жүрген ел ағасы. ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Арыс қаласының Құрметті азаматы.Арыс қаласындағы жаңадан бой көтерген “ Хазіреті Әбу Бәкір әс-Сыддық” мешітіндегі жұмыс бөлмесімен де танысуға уақыт таптық. Бізге оның жұмыс бөлмесінің төрінен орын алған жеке кітапханасы қатты ұнады. Кітапхана сөресінде өзінің шығарған кітаптарымен бірге қазақтың, шет ел жазушыларының сирек кездесетін жинақтары қатар түзеген. Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің жақында ғана жарық көрген 26 томдық шығармалар жинағы Тұйғынбек достың жеке кітапханасының маңызы мен мәнін арттырып-ақ тұр.
Бір мезгілде 2 мың адам құбылаға қарап сап түзей алатын мешіт үйінің еңсе түзеуіне ұйытқы болған Лясхан қажы Құлмахамбетұлының еңбегі зор. Ерекше сәулетімен көз тартатын, еңселі де жайлы Алланың жердегі үйі жанында Ұстаздар үйі, спорт кешені, “ Құл Мұхаммад” атындағы асхана, “ Әз Тәуке хан” қарилар дайындайтын орталықтың медресесі жұмыс істейді екен.
Зейнеткерлікке шыққан соң екінің бірі тәуекел ете бермейтін Алматы облысындағы “Нұр-Мүбарак” ислам Египет мәдениеті университетінің Талғар курсын бітірген діни сауатты Тұйғынбек пен қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын насихаттаудан жалықпайтын Бақтиярдың жол-жөнекей бөліскен ой-орамдарынан Аман ініміз екеуміз рухани азық алдық. Жолымыздағы “ Көксарай” су қоймасы ернеуіне дейін суға толып, асып-тасып жатқандығының куәсі болсақ, Сыр-ана да суға толы құрсағын керіп, маңғаздана қалыпты. Біз табиғаттың бұл көріністерінің бәрін де жақсылық пен тоқшылыққа жорыдық. Күре жолдың бойындағы “ Мұңлық-Зарлық”, “Ұзын ата” кесенелері басына аялдап, әулие-әмбиелер мен дүниеден өткен ата-бабалар әруақтарына бағыштап құран оқыдық.
Осы аяңмен түс ауа төрт қақпалы Шардара қаласына да келіп жеттік. Бізді “ Өскен өңір” газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов “ Ақ шағала” дәмханасында күтіп алды. Дастарқан иесі Сәбит ініміз болғанымен басқосудың басқару тізгінін бірден қолына алған Бақтияр дос отырыс көрігін қыздырып-ақ жіберді. Әңгіме тиегі ағытылып, сол баяғы газет қызметкерлері, бүгінде бәрі де марқұм болған, Оңалбай, Оңласын, Құдайбергендер әңгіме арқауына айнала берді. Құдайберген дегеннен шығады, көзі тірісінде “ Құдаш ақын”, “ Бала Пушкин” атанған ол мықты ақын, қаламы жүйрік журналист, қалыпқа симайтын мінезі бар елдің нағыз еркесі болатын.
— Сілтедік қой сырасын, арағын да,
Не тәйірі, жүз грамм жарау ұлға.
Арақ деген әзәзіл ақындарды,
Алады екен алдымен қарауылға.

Өлеңіме көп еді ғашық адам,
Көп сілтеумен сырт қалдым сахнадан.
Өзімді-өзім қамшылап өлеңдеттім,
Қаз-қалпымды қалайша жасыра алам,— деп, өз болмысына өзі баға берген де Құдаш ақынның нақ өзі.
Бірде газет редакторы Жұмабек Мұханов озат шопан туралы мақала жазу үшін Құдайбергенді ауданның іргелі мал шаруашылықтарының бірі — Байырқұмға іссапарға жібереді. Жолдағы “ Қазақстан” ауылындағы ескі таныстарына жолығып қалған Құдаш ақын “ аздаған арақ ішіп, сырадан сіркіретіп” іссапарын “ жетім қыздың тойына” айналдырып жібереді. Озат шопан да, қияндағы Байырқұм да жайына қалады. Екі-үш күн армансыз қыдырған “тойшыл” тілші жұмысына оралған соң озат шопан туралы мәлімет іздеп, шарқ ұрады. Сәтін салғанда, қойын дәптерінен бұдан бір-екі жыл бұрын сұхбаттасқан байырқұмдық озат шопанның деректері шығып, көңілі жай табады. Және ол кісі аудандық кеңестің депутаты ретінде танымал тұлға екен. Жазу машинкасына отырған Құдайберген саусағы саусағына ілесе алмайтындай жылдамдықпен бір сәтте озат шопан туралы очеркін жазып та тастайды. “ Халық қалаулысы атанған озат шопанның шаңырағына кіргенімізде сол үйдегі жеңгеміз бізді буы бұрқыраған қуырдақ пен күрең қою шаймен қарсы алды. Ағамызбен әңгімеміз төрдегі құс жастықты жамбастай жатып жалғасты…” дегенін қайтерсің. Бұл жазбасын оқып шыққан редактор ертеңгі нөмірден қалмау үшін материалдың шекесіне қолын қойып, авторының тиянақты жұмысына да ризашылығын білдіріп қойды. Ертесіне түс қайта редакторымызды аудандық партия комитетіне шақырды. Қызыл үйден ашуланып келген бастығымыз бәріміздің басымызды қосты да Құдайбергенді жерден алып, жерге салды. Сөйтсек, әріптесіміздің мақаласына арқау болған озат шопан істі болып, алты айдан бері қамауда жатыр екен.
— Ей, көк соққан, қамауда жатқан адаммен қалай шай ішіп, қалай дастарқандас болып жүрсің?” деп ұрысқанда, айтарға сөзі жоқ Құдайберген жерге қараса, қалғанымыз не күлерімізді, не жыларымызды білмей шарасыз күйге түскен жағдайымыз да болған.
— Қызметім де жоқ менің аса тығыз,
Мейлі даттап, сыртымнан тас атыңыз.
Соңғы кезде көп сілтеп кеттім білем,
Өз еркіммен қызметімнен босатыңыз,— десе арқалы ақын
— Даттамаймын, сыртыңнан тас атпаймын,
Жақсы ақын аз өмірде сол-ақ қайғым.
Сиыр жылы егерде ішпей жүрсең,
Қызметіңнен мәңгілік босатпаймын,— деп, редакторы оның “ еркелігіне” түсіністікпен қарап, шығармашылық еңбегін жоғары бағалап отырған екен,— дейді Бақтияр Құдаш ақын туралы естелігінде.
Сәбит Лахановтың өткен жылы “ Арман жолында” деген кітабы жарық көрсе, Құдайберген Өтешовтың 2021 жылы шыққан “ Көңіл назы” деген кітабының шығарушы редакторы әрі басты ұйытқысы болыпты. Қос кітап та қолымызға тиіп, Сәбит інімізге құтты болсын айтып, тілегімізді жаудырып жаттық. Өз кезегінде Бақтияр дос та ақын інісін мерейтойымен құттықтап, салт-дәстүр орталығының шығарған бірнеше құнды жинақтарын газет редакциясына тарту етті.
Шардара ауданында шығатын “ Шарайна — Шардара” деген тағы бір газет бар. Құрылтайшысы кәсіпқой баспагер Нұрмахан Қары деген абыройлы азамат. Ол біраз жылдан бері ауырып, төсек тартып қалса да басылымы мемлекеттің ақпарат саясатын жүргізуде жорғасынан тайған емес. Шардараға жолым түскен сайын оның хал-жағдайын білуге тырысамын. Бұл жолы да сол үрдісті сақтап, Нұрмаханның шаңырағында болдық. Біраз жылдан бері серігі болып келе жатқан арбасын тастап, өз аяғымен бізді күтіп алған Нұрекеңді көргенде оның ерік-жігеріне таң қалдық. Сауығып, ертерек қатарымызға қосылуына тілектестігімізді білдіріп жаттық. Бұл шаңырақтан Тұрсынайдай отанасының мейірім-шапағатқа толы меймандостығына, тәрбиелі ұлы мен инабатты келінінің көрсеткен әдепті ізеттеріне сүйсіндік. Бұл жерде де отырыс тізгінін қолына алған Бақтияр басқосуды әдемі әзіл, есті естеліктерімен көңілді ортаға айналдырып жіберді. Өз кезегінде Сәбит ақын шаңырақ иесі Нұрмахан ағасына арнап жыр шумақтарын төгіп, төгіп жібергенде Нұрмахан достың адами қасиеті мен бүкіл болмыс-бітімі кино таспасындай көз алдымыздан өтіп жатты.
— Нұреке,— деймін,
Айтайын сырды ақтарып,
Отырсыз бүгін отбасыңызға бақ дарып,
Ұл-қызың өсіп, немерең атқа мінгенге,
Тұрсыз-ау осы қуаныштардан
Құлап қалуға шақ қалып.

— Нұреке,— деймін,
Сіздегі ой мен тіл нұрлы,
“Шарайнаң” бүкіл аймаққа үнін білдірді.
Кезінде өзің демеген кейбір жігіттер,
Алатауға да ту қадап бүгін үлгерді.

— Нұреке,— деймін,
Базбіреу бір сәт жоғалтса ұят, қиса арын,
Жөндедің мінін, түзедің талай қиқарын.
Тасынғандардың тас қамалдарын қиратып,
Мұңды жандардың басынан талай сипадың.

— Нұреке,— деймін,
Үлгі алар жансың өрелі,
Бағаңды, бірақ, мен емес елің береді.
Алдыңа келген жанға шын пейіл көрсетсең,
Ал, олар оны можантопайлық көреді.

— Нұреке,— деймін,
Ұл емессіз ғой батасыз,
Доспын дегенге құшақты ашып жатасыз.
Тасада тұрып тас атқан тасмаңдайларға,
Тас атып емес, ас атып ылғи жатасыз.

— Нұреке,— деймін,
Бір кезде, рас, күйзелдің,
Артта қап бәрі тамаша бүгін күйге ендің.
Шекпен мен шенге қызықпай қарапайым боп,
Асып-таспауды ,Нұреке, сізден үйрендім.

Сондықтан болар жайқалғаны бір бағыңыз,
Тұғырлы болып көрінед маған тағыңыз.
Тілерім аға, осынау бес күн жалғанда,
Жұрттың алдында бір сынбай өтсін сағыңыз!
Жақсы адамсыз ғой, жақсылық көрсін жаныңыз!
Не деген жыр шумақтары, не деген інілік тілек! Біз де Сәбит ініміздің өлең-тілегіне қосылып, шаттыққа толған шаңырақтан көтеріңкі көңіл-күймен аттандық.
Сол күні бізбен бірге Нұрекеңнің үйінде қонақта болған тілеулес көршісі, білімді маман, білікті дәрігер, “ Парасат” орденінің иегері Жұмабек Нұрмашов ағамыздың дастарқанынан да дәм тату құрметі бұйырыпты. Сағат тілі түнгі он екіні көрсеткенде біз де Арысқа қарай бет түзеп, жолға шықтық. Осындай қайталанбас мәнді де мағыналы жүздесудің әсері ме көңіліміз тоқ болып, ұйқы деген жоқ болып, межелі жерімізге қалай жеткенімізді де байқамай қалдық.

Әбдімәлік АҒЫБАЙ,
Шымкент — Арыс — Шардара, 3.01.2024 жыл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *