САБЫРХАН АҚЫННЫҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ

Күні кеше Арыс қаласындағы орталықтандырылған кітапхана үйінде Арыс қаласының Құрметті азаматы, ардагер журналист, ақын Сабырхан Әлібекұлының 8О жылдық мерейтойына орай » Қасиетті қаламды қару еткен» атты әдеби кеш болып өтті. Әдеби-танымдық кешке кітапхананың қалың оқырмандарымен бірге арынды ақынның көзі тірісінде жергілікті баспасөзде иықтасып, қанаттасып бірге қызмет атқарған қаламдас әріптестері, соңғы жазған дүниелерін жинақтап, кітап етіп шығарып жүрген қызы Гүлзира Сабырханқызы қатысып отырды. Жиын барысында

— » Балалық дәурен келте боп,

Есейтті бізді ертерек.

Жетімнің қайтқан меселі,

Жесірдің мұздай төсегі.

 

Жеңісті күнді арман ғып,

Қолсызға екі қол болдық.

Аяқсыздарға балдақ та,

Жанарсыздарға жол болдық,— деп басталатын » Соғыста туған ұрпақпыз» деген кітабының таныстырылымы болып, кеш қонақтары Сабырхан ақын туралы естеліктер айтып, өлеңдерін оқыды.

— Сабырхан ағаның әлемін тану үшін алдымен оның жырларынан сусындаған абзал,— дейді С.Адамбеков атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің төрағасы, ақын Темірхан Әбдік. — Ол жастайынан жоқшылықтың дәмін татып, қайғырғанның зарын тыңдап, майдангерлердің батасын алып есейді. Жеңістен соң қолсызға қол, ұлсызға ұл, жабырқағанға қуаныш болып жанасты. Құлағына ұялаған қоңыр әуенді көңіліне тоқып, сыр іздеді. Табиғатынан табандылық пен адалдықтан айнымаған жүрегіне Алла өлең құсын қондырды. Әр өлеңін қайыңның сөліндей мөлдіретіп, ауылдың көрігінің шоғына аунатып, шынайы жазды.

Журба мектебінің оқушысы Толқын Мұсанәли Сабырхан атасының өлеңдерін мөлдіретіп тұрып жатқа айтып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Гүлзира Сабырханқызының әкесі туралы айтқан естеліктерінен ақынның жақсы қасиет, жаңа қырына бұрынғыдан да қаныға түстік. Жазушы Тұйғынбек Әлжігіттегі, мүсінші Мүтәліп Күздеубайұлы және осы жолдардың авторы Сабырхан ағаның шығармашылық еңбегіне талдау жасап, ой-пікірімізді ортаға салдық.

Сабырхан ағамыздың шығармашылығын насихаттауда Айжан Әділбекова жетекшілік ететін Абай атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің еңбегі ерекше. Ақынның 2005 жылы «Астана» баспасынан жарық көрген «Қоңыр ағыс» атты кітабынан бастап, «Арыстың елі — намыстың елі «, «Ауғанстанда от кешкен арыстықтар » атты тарихи-танымдық кітаптары, «Ережепбай немесе батыр жадындағы жырлар » поэмасы мен «Мадақ » атты дастаны арнайы ұйымдастырылған көрме төрінен орын алса, кітапхана қызметкерлері А.Мамбетованың редакторлығымен К.Акенованың құрастырған «Қасиетті қаламды қару еткен » атты кітапшасы да сәтті шыққан дүние болыпты. Онда ақынның соңғы жазған өлеңдерімен бірге оның шығармашылық еңбегін бағалаған  Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың халық ақыны Фариза Оңғарсынова апамыз, қоғам қайраткері, кемел ойдың иесі, жазушы Мырзагелді Кемел аға бастаған әдебиет пен өнердің бір шоғыр өкілінің пікірлері топтастырылған.

Жиын соңында кітапхана ұжымы Гүлзира Сабырханқызының Арыс руханиятына қосқан сүбелі үлесі үшін ризашылық сезімдерін білдіріп, сый-сияпат жасады. Сабырхан ақынның сырлы әлеміне арналған әдеби-танымдық кештен үлкен әсермен тарастық.

Әбдімәлік АҒЫБАЙ,

Арыс қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *