ТІЛ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
Әр адамның азаматтық ұстанымы өз халқын, атамекенін қалай сүюі, өз ана тілін қалай қадірлеуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметінен өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметін білуге болады. Осы мәселе бойынша «Арыс ақиқаты» газетінің құрылтайшысы, Қазақстанның Құрметті журналисі, тіл жанашыры Әбдімәлік Садықұлы АҒЫБАЙМЕН ой бөлістік.
– Әбдімәлік Садықұлы, бүгінгі таңда «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті» деп санайтын қаламыздағы тіл жанашырының бірі де бірегейісіз. Осы тіл мәселесі бойынша өз көзқарасыңызды айтып өтсеңіз?

– Ұлтымыздың сан ғасырлар өзегі құрғамаған алтын тамыры – киелі ана тіліміз. Тіршіліктің куәгері жер мен көктің, табиғат пен адамның болмысын сөйлеткен Ана тілі – Қазақтың қазынасы, айбары мен айнасы. Бізге дейін осы даланың әр азаматы талай алмағайып кезеңдерді бастарынан өткізсе де, өздерінің өскен әулетін қалай құрметтесе, туған тілді солай ерекше сүйіспеншілікпен қастерлей білді. Енді мына мамырақай заманда, біздің қаракөздеріміз неге төл тілін ұмыта бастады? Ұлттық тәрбиенің төмендігінен басқаға еліктеушілік деген жаман қасиет жастарымызды адастыра бастады. Ана тіліміз одан жоғалып кетпесе де, өскелең ұрпақтың көзқарасының өзгеруіне кері әсері мол болуда. Тілді ұмыту – тегін ұмытуға ашылатын жол. Бүгінде қай қалаға барсақ та қаптаған шет тіліндегі түсініксіз жазулардан көз сүрінеді. Біз кейде өз тілімізді орнымен қолданудан қалып барамыз. Өкінішке орай, қай дәмханаға кірсең де ас мәзірі өзге тілде жазылып тұрады. Ол жерден қарныңды тойдырып шыққаныңмен «Біз осы қай мемлекетте өмір сүріп отырмыз?» деген ой мазалап, рухани ашығып шығатының да рас.
– Жыл сайын Қазақстан халықтарының «Тілдер күні» мерекесі аталып өтеді. Осы мереке – тілдің қажеттілігін жас ұрпақтар сезіндіре ала ма?
– Қазақстан халқының «Тілдер күні» еліміздің азаматтары үшін өте маңызды, өйткені ҚР аумағында тұратын әрбір этностың мәдени – тұрмыстық өмірінің әртүрлілігін, өзіндік ерекшелігін көруге мүмкіндік береді. Әр халықтың ана тілі – оның игілігі мен құндылығы. Тіл – халықтың рухани мұрасы, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін асыл қазына. Бір күндік мереке бір елдің тілінің тағдырын шеше алмайды. Тіл тағдыры – өте күрделі мәселе. Оның құндылығын ата-баба дәстүрімен сабақтастырып, жыл бойы жас ұрпақтың бойына сіңіретін іс-шаралар ұйымдастырып отыру керек. Тілді құрметтеуді балабақшадан бастаған жөн. Тілі енді жетіліп келе жатқан сәбилер не нәрсені болса да тез қабылдап, тез сезінеді. Мектеп қабырғасында тілді құрметтеуді одан әрі жалғастырса, әр баланың Ана тіліне деген сүйіспеншілігі арта түседі.
– Қазақ тілінің мәртебесін биіктетуге қандай ұсыныс айтасыз?
– Ел Президентінің республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында тілге байланысты мынадай нақты тұстарды атап көрсеткені мәлім: «Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі. Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн. Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет»,- деді. Менің бұған қосарым: қазақ тілі өзінің заңды мәртебесіне ие бола алмай елімізде әлеуметтік те, рухани да даму болмайды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін балабақшалар жаппай мемлекеттік тілге көшу керек. Аралас мектептердің қажеті жоқ. Аралас мектептердің зардабы туралы сонау ХХ ғасырдың басында-ақ Алаш арыстарының бірі – Мұстафа Шоқай жан-жақты талдап, жетесіне жеткізіп айтып кеткені бар. Бастауыш сынып оқушылары тек қазақ тілінде білім алуға тиіс. Сіздердің мекемелеріңіздің аясында мемлекеттік тіл жөніндегі инспекция құрылып, заңды тұлғалардың мемлекеттік тілді қолдану әрекетін бақылап отырса онда жоғарыда айтылған дәмханалар мен халыққа қызмет көрсету орындарындағы кездесетін Ана тілімізге байланысты келеңсіз көріністердің бәрі де жойылар еді. Ең бастысы, Ана тілімізді дамытудың бірден бір жолы – ол мемлекеттік «Тіл туралы» Заңды қайта қарап, қазақ тіліне мемлекеттік тілмен бірге ұлтаралық қатынас тілі мәртебесін беру қажет. Қоғамда тілге деген қажеттілік туғызу керек. Қажеттілік болмайынша тіл өспейді де, өркендемейді де. Сонда ғана ұлттық құндылығымыз – Ана тіліміз өздігінен дамып, мәртебесі салтанат құратыны сөзсіз.
– Қазақтың төл тілін қалай әлемдік деңгейге көтеруге болады?
– Қазақтың тілдік қоры өте бай. Оның қадіріне жетіп, әлемдік қолданысқа енгізіп жатса, өте керемет. Қазіргі лингвистика әлемнің әртүрлі ғылыми орталықтарында қарқынды дамып келеді. Қазақ тіл білімі әлемдік тіл білімінің бір бөлігі ретінде лингвистика ғылымының қазіргі заманғы үрдістеріне сәйкес дамып, бірнеше кезеңінен өтті. Қазақстан лингвистикасы тіл туралы ғылымның барлық бағыттарын қамтиды. Бұған соңғы жылдары отандық ғалымдардың еңбектері дәлел бола алады. Отандық тілтанушы ғалымдардың міндеті қазақ тіл білімін әлемдік лингвистика деңгейіне көтеру, оны серпінді, инновациялық зерттеулер есебінен бәсекеге қабілетті дамыту болып отыр. Қазақтың төл тілін әлемдік деңгейге көтеру отандық тілтанушы ғалымдардың жауапкершілігінде.
– Әбеке, арыстықтар Сізді қоғам белсендісі, іскер кәсіпкер ретінде де жақсы біледі…
– Сауалыңызды түсіндім, сонау тоқсаныншы жылдары Кеңес одағы ыдырап, тәуелсіздікке қол жеткіздік деген кезеңде өте қиын жағдайға тап болдық. Одақтас елдердің бұрынғы экономикалық байланыстары үзіліп, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен заман туды. Жұмыссыздықтың кесірінен әйелдер ала дорбасын арқалап, базар аралап кетсе, ер адамдар бала бағып, үйлерінде жіпсіз байланды. Міне, осы қиын кезеңде біз бес жігіт ұйымдасып «Тайма» деген қоғамдық бірлестік құрдық. Мақсатымыз – көпшілікті жаңа кәсіпке баулу, қаржы тапшылығынан тұралап қалған спорт, өнер, мәдениет орындарының жұмысын жандандыру болды. Үгіт – насихат жұмыстарын жүргізу үшін «Тайма» деген республикалық тәуелсіз газет те ашып алдық. Бұл бағытта жақсы жетістіктерге жетіп, көпшіліктің алғысына бөлендік. Жалпы, «тайма» деген қазақтың бұйрық райлы төл сөзі. Бағытыңнан, салт-дәстүріңнен, тіліңнен тайма дегенді білдіреді. Міне, сол кезеңнен бүгінгі күнгі дейін «Тайма – баспасөз» деген серіктестігім елге қызмет етіп келеді. Бүгінде серіктестіктің жұмыс ауқымы кеңейген. Баспа өнімдерін шығарумен де айналысады. Қаладағы заңды тұлғалардан өздерінің мекемелеріне қажетті баспа өнімдеріне тапсырыс көптеп түседі. Олардың қазақша сауатты да дұрыс жазылуына қатты мән береміз. Қате кеткен жерлері болса түзеп, жәрдем беретін мамандарымыз жеткілікті. Осылайша алға қойған мақсатымыздан, тілге деген құрметімізден таймай келе жатқан жайымыз бар.
– Әбдімәлік аға, уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Динара ОСПАНОВА,
қалалық тілдерді дамыту орталығының қазақ тілі оқытушысы.