«ШАҢЫРАҚ» БАЙҚАУЫ БАСТАУ АЛДЫ
Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының отырысы өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – толеранттылықты нығайту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда БАҚ-тың күш-жігерін біріктіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралар барысы және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру.
Кездесуге қатысушылар алдымен «Достық үйі» ғимаратын аралап көрді және ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысты.
Келелі жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, сондай-ақ Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы, мекеме қызметкерлері және облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, өңірдегі белгілі журналистер қатысты. Жиынды Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды.
Алқалы басқосуда сөз алған Ертай Кенжеханұлы қоғамдық келісімді нығайту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала отырып, БАҚ өкілдері тек ақпаратты жеткізіп қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік саясатты қабылдауын қалыптастыратынын жеткізді.
Өз сөзінде Алишер Гапиржанұлы этика қағидаларын сақтау, сондай-ақ этносаралық мәселелерді жариялау мәселесінде журналистер қауымында жауапкершілікті қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Спикерлер қатарында «Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен этносаралық қатынастардағы БАҚ-тың және әлеуметтік желінің рөлі туралы ой қозғап, сындарлы пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ жиында «Қызмет» газетінің бас редакторы, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова этносаралық қатынастар туралы халыққа ақпарат берудің басты ерекшелігі және жауапкершілігі бойынша мазмұнды ойларымен, пайдалы тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, іс-шара барысында әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Шаңырақ» шығармашылық байқауының таныстырылымы өтті.
Аталған байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Президенттің «2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты ұйымдастырылуда.
Бұл ретте, әлеуметтік желі қолданушылары үздік жазбалар бойынша «Бауырлас» атты тақырыпта бақ сынайды. Байқаудың жүлде қоры — 1 000 000 теңге. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері 25 қазан — Республика күні қарсаңында марапатталады.